Boxingscene.com сайты орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допинг-тексеру жағдайын талдады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Желтоқсанда алынған сынамадан тыйым салынған мельдоний препараты анықталған болатын. Осы себепті WBO тергеу жүргізіп, 7 желтоқсанда жоспарланған Әлімханұлы мен WBA чемпионы Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек кейінге қалдырылды.
Қазіргі таңда Жәнібек пен оның командасы екінші – «B» сынамасының ашылу және талдану рәсіміне қатысады. Бұл талдау 8 қаңтарға белгіленген, нәтижесіне қарай спортшының тағдыры анықталмақ.
Егер «B» сынамасының нәтижесі алғашқысына сәйкес келсе, чемпиондық белбеулерінен айырылып, дисквалификация қаупі бар. Дегенмен тарихта сынаманың сақталуы немесе тасымалдануы кезінде қателіктер дәлелденіп, ақталған спортшылар болған жағдайлар да бар.
Фото: Top Rank