Жәнібек Әлімханұлының менеджері допинг дауына байланысты екі ықтимал сценарийді атады
IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы төңірегіндегі допинг дауына қатысты оның менеджері Берік Сұлтан жағдай ушығып кеткен жағдайда боксшының алдағы мансабы қалай өрбитінін түсіндірді.
Менеджердің айтуынша, қазіргі ахуалдың дамуы екі түрлі бағытта болуы мүмкін. Ол кәсіпқой бокста спорттық нәтижемен қатар қаржы факторы да маңызды рөл атқаратынын жасырмады.
«Шынымды айтсам, бізді екі түрлі шешім күтіп тұр. Кәсіпқой бокс – үлкен бизнес. Біз Қазақстанның туын көтергіміз келеді, бірақ шетелде бокс көбіне табыс табудың құралы», – деді Берік Сұлтан.
8 қаңтардағы «B» сынамасы шешуші болмақ
Менеджердің сөзінше, бәрін шешетін негізгі сәт – 8 қаңтарда ашылатын «B» сынамасының қорытындысы.
1-сценарий: «B» сынамасы таза шықса
Егер «B» сынамасында тыйым салынған заттар расталмаса, Жәнібек Әлімханұлы IBF және WBO чемпиондық белбеулерін сақтап қалып, әлемдік бокста мансабын жалғастыра береді.
2-сценарий: тыйым салынған зат қайта анықталса
Ал егер қаннан немесе несептен тыйым салынған препарат қайта табылса, қазақстандық боксшы IBF және WBO титулдарынан айырылып, белгілі бір мерзімге дисквалификациялануы мүмкін. Менеджердің болжамынша, жаза мерзімі 6 айдан 1,5 жылға дейін созылуы ықтимал.
Дегенмен, Берік Сұлтан бұл жағдайда да команда тоқтап қалмайтынын айтты.
«Ондай кезде депрессияға түсудің қажеті жоқ. Жаза аяқталғаннан кейін бокстағы жолымызды жалғастырамыз», - деді ол.
«Әлі кеш емес»: жас факторы
Менеджер Жәнібек Әлімханұлының жасы мансапты қайта жандандыруға кедергі емес екенін де атап өтті. Қазір боксшы 33 жаста. Мысал ретінде ол Теренс Кроуфорд, Александр Усик, Дмитрий Бивол және Артур Бетербиев сынды тәжірибелі чемпиондарды атады.
Айта кетейік, бұған дейін жарияланған мәліметке сәйкес, допинг-тест барысында Әлімханұлының қанынан мельдоний табылған. Осыған байланысты оның кубалық Эрисланди Лара қарсы орта салмақта үш бірдей әлем чемпионы титулы үшін өтуі тиіс жекпе-жегі уақытша тоқтатылған.
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған