Жәнібек Әлімханұлының командасы допинг дауына қатысты мәлімдеме жасады
Боксшы Жәнібек Алимханұлының менеджері Берік Сұлтан Instagram желісіндегі команда парақшасында жанкүйерлерден түскен сұрақтарға жауап беріп, допинг дауына қатысты жанкүйерлер арасында тараған нұсқаларды жоққа шығарды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Оның айтуынша, жанкүйерлер арасында Жәнібекті құмар ойындарға қарсы ұстанымы үшін әдейі «құрбан етті» деген пікір пайда болған. Спортшы бұған дейін де құмар ойындарға қарсы екенін ашық айтып жүрген.
«Жанкүйерлер арасында түрлі пікірлер айтылып жатыр - Жәнібекті құмар ойындар туралы айтқаны үшін әдейі “құрбан етті” деген сияқты. Бірақ қазір оның нақты неден және қандай себеппен болғанын біржақты айта алмаймыз. Біз мұны өз көзімізбен көрмедік, қолымызда нақты дәлел де жоқ», - деді менеджер.
Берік Сұлтан команданың да жанкүйерлермен бірге алаңдап отырғанын жеткізді.
«Ол бұл тақырыпты бірінші рет көтеріп отырған жоқ. Оны үнемі бақылап жүргендер жақсы біледі - әр жекпе-жек алдында осы мәселені айтады. Себебі жанкүйерлер біз үшін уайымдаса, біз де олардың отбасылары, ошақтарының амандығы үшін алаңдаймыз. Нәтижесін күтейік», - деді ол.
Еске салайық, 6 желтоқсанға жоспарланған үш бірдей титул үшін өтетін жекпе-жек қарсаңында Жәнібек Әлімханұлы допинг дауының ортасында қалған болатын.
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) ресми түрде қазақстандық боксшының допинг-тесті оң нәтиже көрсеткенін растады. Осыған байланысты тергеу басталды. Ал Жәнібектің өзі ешқандай ережені бұзбағанын айтып, екінші сынаманы қайта тексеруді талап етті.
Сондай-ақ, жақында беделді The Ring журналы допинг дауына байланысты Жәнібек Әлімханұлын орта салмақ дәрежесіндегі рейтингінен алып тастағаны айтылды.
Фото: Ашық дереккөзден
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған