Жәнібек Әлімханұлының командасы алдағы жоспарлары туралы айтты

Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының командасы келіссөздер барысына қатысты ресми пікір білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Боксшының менеджері Берік Сұлтан қазіргі жағдайды былай түсіндірді:
«Қазір келіссөздер жалғасып жатыр. Осы аптада тағы бір маңызды кездесу күтіп тұр. Бүгіннен бастап жаңа талқылаулар басталды. Біздің басты мақсатымыз – ақша табу емес. Біз үшін ең маңыздысы – тарихқа еніп, барлық төрт белбеуді жеңіп алу. Қазақ боксшысының төрт бірдей чемпиондық атақты иеленуі – ең үлкен арманымыз. Сол үшін бар шарттарға келісіп, бар мүмкіндікті пайдалануға дайынбыз. Бірақ өздеріңіз білетіндей, орта салмақта жағдай жиі өзгеріп тұрады. Көп күттік, енді уақыт жоғалтуға болмайды. Егер ортақ шешімге келе алмасақ, міндетті қарсыластарымызға қарсы титулды қорғауға тиіспіз. Әйтпесе қиындықтар туындайды. Сондықтан екі бағытта қатар жұмыс істеп жатырмыз», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы мен WBC чемпионы, доминикандық Карлос Адамеспен жекпе-жек өткізу мүмкіндігі жөнінде хабарланған еді.
Фото: qazsporttv.kz


Ең көп оқылған
