Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі сәтте министрлік Жәнібектің командасымен тұрақты байланыс жүргізіп отыр. Оның сөзінше, допингке қарсы ұйымның мельдоний анықталғаны туралы мәлімдемесінен кейін алдағы жекпе-жек тоқтатылған.
Жәнібектің өзі жасаған мәлімдемеге сенеміз. Ол допинг қолданбағанын нақты айтып отыр. Енді ағзаға бұл заттың қандай жолмен түсуі мүмкін екенін допингке қарсы ұйыммен бірлесіп анықтау маңызды, – деді Жарасбаев Мәжіліс кулуарында тілшілер сауалына жауап беріп.
Сондай-ақ вице-министр тергеу толық аяқталмайынша, алдын ала тұжырым жасамауға шақырды.
Министрлік бұл мәселеден шет қалмайды. Жәнібекке қажетті барлық көмекті көрсетуге дайынбыз. Қажет болса, халықаралық деңгейде құқықтық сараптама жасай алатын мамандарды тарту мүмкіндігі бар. Қазір түрлі пікірлер таралып жатыр, бірақ нақты шешімді тек ресми қорытынды бергеннен кейін ғана айта аламыз. Әрбір спортшының өз құқығын қорғаудың тетіктері бар, ал Жәнібек тарапына қандай қолдау керек болса, біз дайынбыз, – деді ол.
Айта кетсек, бүгін орта салмақтағы WBO және IBF чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) мен WBA чемпионы Эрисланди Лара (31-3-3, 19 KO) арасындағы көп күткен жекпе-жектің өтпейтіні ресми түрде жарияланды.
Фото: ОКҚ