Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпиондық белбеуінен ерікті түрде бас тартты
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартты. Ұйым 2026 жылғы 21 шілдеде спортшының өтінішін ресми түрде мақұлдады, деп жазады malimsports.kz.
Осы шешімнен кейін уақытша чемпион болған Дензел Бентли WBO тұжырымы бойынша толыққанды әлем чемпионы атанды. Ал орта салмақтағы міндетті үміткер мәртебесі кубалық Йоенли Эрнандеске берілді.
Жәнібек Әлімханұлы енді мансабын екінші орта салмақ дәрежесінде жалғастыруды жоспарлап отыр. Осыған байланысты ол WBO-дан өзін аталған салмақтың әлемдік рейтингіне қосуды сұрады. Қазіргі уақытта бұл өтінішті ұйымның рейтинг комитеті қарастырып жатыр.
WBO мәлімдеуінше, комитет шешім қабылдау барысында боксшының орта салмақтағы бұрынғы чемпиондық мәртебесі мен жетістіктерін ұйым регламентіне сәйкес ескеруге құқылы.
Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа кезеңге аяқ басқанын меңзеп, жанкүйерлеріне үндеу жасады.
«Өткен нәрсе өтті. Мен өткенмен өмір сүрмеймін. Бокс жолындағы тарихым бұрынғыдан да қызық болайын деп тұр. Жаңалықтарды күтіңіздер», – деп жазды боксшы Instagram-дағы парақшасында.
Қазіргі таңда WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағы бос тұр. Бұған дейін ұйым бұл белбеу үшін Хамза Шираз бен Диего Пачеко арасында чемпиондық жекпе-жек өткізуді жоспарлаған.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 2025 жылдың желтоқсанынан бері допингке қарсы ережені бұзғаны үшін бір жылға жарыстардан шеттетілген. Соған қарамастан WBO чемпиондық атағын сақтап келген болатын. Ал IBF бұған дейін осы жағдайға байланысты қазақстандық боксшыны чемпиондық титулынан айырған еді.
Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпиондық белбеуінен өз еркімен бас тартты;
Дензел Бентли толыққанды әлем чемпионы атанды;
Боксшы екінші орта салмаққа ауысуды жоспарлап отыр;
Оның жаңа салмақтағы рейтингке қосылу мәселесін WBO комитеті қарап жатыр.
Фото: Ашық дереккөзден
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған