Жәнібек Әлімханұлы рейтингтегі орнынан айырылды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы BoxRec рейтингіндегі орнынан айырылды.
Қазір порталдың жаңартылған тізімінде қазақстандық боксшы мүлде көрсетілмейді, ал алғашқы үштікке кубалық Эрисланди Лара, доминикандық Карлос Адамес және британиялық Конор Бенн енген.
Жәнібектің рейтингтен шығып қалуы оның допинг дауына байланысты. WBO 2026 жылғы 20 ақпанда жариялаған ресми шешімінде Әлімханұлын 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап кері күшпен есептелетін бір жылдық мерзімге шеттеткенін хабарлады. Соған сәйкес ол 2026 жылғы 2 желтоқсанға дейін WBO санкциялайтын жекпе-жектерге қатыса алмайды.
Соған қарамастан, Жәнібек әзірге WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы мәртебесін сақтап отыр. WBO-ның 2026 жылғы 28 наурыздағы рейтингінде ол чемпион ретінде көрсетілген.
Ал IBF бұл жағдайда басқа шешім қабылдады. BoxingScene жариялаған құжатқа сәйкес, ұйым Әлімханұлын міндетті титул қорғауын өткізе алмайтынына байланысты 2026 жылғы наурыздың басында IBF белбеуінен айырды. Сондай-ақ материалда Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы берген жаза алты айлық екені, ал WBO өз құзыреті аясында бір жылдық шектеу енгізгені жазылған.
Жәнібек Әлімханұлы кәсіби мансабында әлі жеңіліп көрген жоқ. Оның рекорды – 17 жеңіс, 12 нокаут. BoxRec-тегі қазіргі рейтингте көшбасшылықты Эрисланди Лара ұстап тұр, екінші орында Карлос Адамес, үшінші сатыда Конор Бенн орналасқан.
/Фото: Top Rank
Ең көп оқылған