Жәнібек Әлімханұлы «нағыз чемпион» белбеуіне таласуға дайын

Қазақстандық боксшы, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы енді беделді The Ring журналының белбеуін көздеп отыр, деп хабарлайды malimsports.kz.
Орта салмақтағы мықты қазақстандық былғары қолғап шебері әлемдік бокстың басты промоутері, Сауд Арабиясы Көңіл көтеру істері бас басқармасының төрағасы Турки әл-әш-Шейхке және The Ring журналының ресми парақшасына жүгініп, әлеуметтік желідегі жазбасында былай деді:
«Мен сенемін, келесі жекпе-жегімде The Ring белбеуі де сарапқа салынады. Қазір бұл атақтың беделі өте жоғары!» — деп жазды Жәнібек.
Әлімханұлы бұған дейін жақын арада өзінің кезекті титулдық айқасы туралы ресми хабар берілетінін жеткізген еді. Дегенмен, қарсылас пен жекпе-жек уақыты әзірге белгісіз.
Белгілі америкалық The Ring журналы табыстайтын бұл атақты көбіне «нағыз чемпионның белбеуі» деп атайды. Себебі ол белгілі бір бокс федерациясына (WBC, WBA, IBF, WBO) байланбаған. Бұл белбеу нақты өз салмағында үздік саналатын, бокс қауымдастығы мен сарапшылардың мойындауына ие болған спортшыға ғана беріледі.


Ең көп оқылған
