Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек мерзімі белгілі болды
Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек желтоқсанда өтеді, деп жазады malimsports.kz.
Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдарының чемпионы Жәнібек Әлімханұлы келесі қарсыласымен жекпе-жек өткізетін күн мен орынды нақтылады. Қазақ боксшысы WBA белбеуінің иегері, тәжірибелі кубалық Эрисланди Ларамен жұдырықтасады.
Қос тарап жекпе-жек өткізу туралы келісімшартқа қол қойған. Инсайдер Дэн Рафаэльдің мәліметіне сәйкес, айқас 6 желтоқсанда (Астана уақытымен 7 желтоқсан таңертең) АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында өтеді.
Бұл кеште Әлімханұлы мен Лараның жекпе-жегі басты екі айқастың бірі болмақ. Кештің екінші орталық жекпе-жегінде Айзек Крус пен кіші Ламонт Роуч чемпиондық атақ үшін күш сынасады.
Жәнібек Әлімханұлы бұған дейінгі соңғы кездесуін 2024 жылы тамыз айында өткізген болатын. Ол кезде отандасымыз АҚШ боксшысы Андейс Фоксқа қарсы жеңіске жетіп, екі белбеуін де қорғап қалды.
Ал 41 жастағы Эрисланди Лара — әлемдік аренада беделі жоғары, тәжірибелі қарсылас. Кубалық спортшының еншісінде 29 жеңіс, 3 жеңіліс және 3 тең нәтиже бар. Көпшілік бұл жекпе-жекті орта салмақтағы чемпиондық белбеулердің бірігу айқасы ретінде күтуде.
Фото: Ашық дереккөзден
Темірлан Анарбеков футбол рейтингінде бірінші сатыға тұрақтады
Ең көп оқылған