Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстан шеттетілуі мүмкін
IBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допингке қатысты В сынамасы да оң нәтиже берді. Талдау барысында мельдоний препараты анықталған, деп жазады malimsports.kz.
Бұл ақпаратты Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков растады. Оның айтуынша, VADA (АҚШ) жасаған қорытынды сараптама допинг фактісін толық дәлелдеген. Қазір істі Қазақстан федерациясы қарайды, өйткені соңғы жекпе-жек Астанада федерацияның санкциясымен өткен.
Қалыптасқан жағдайға сәйкес, боксшыны кемінде бір жылға дисквалификациялау ықтималдығы өте жоғары. Сонымен қатар, IBF пен WBO тарапынан чемпиондық белбеулерінен айырылуы мүмкін. Ұйымдардың допингке қатысты ұстанымы қатаң, ал титулдарға ресми үміткерлер бар.
Сарапшылар бұл жағдай Әлімханұлының топ-деңгейдегі мансабына ауыр соққы болуы мүмкін деп отыр. Атап айтқанда, Top Rank промоутерлік компаниясымен және оның басшысы Боб Арум, сондай-ақ ықпалды инвестор Турки Аль аш-Шейхпен болашақ әріптестікке қауіп төнуі мүмкін.
Тіпті препараттың қасақана қабылданбағаны дәлелденсе де, бокс әлемінде допинг дауы спортшының беделіне ұзақ мерзімді кері әсер етеді. Қазір Жәнібек үшін ең басты мәселе — топ деңгейдегі мансабын сақтап қалу. Сарапшылардың пайымынша, оны тек сәтті құқықтық шешім мен уақыт қана құтқара алады.
Фото: ҰОК
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған