WBC Усикке келесі жекпе-жегін Кабайелге қарсы өткізуді міндеттеді
Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) ауыр салмақтағы әлем чемпионы Александр Усикке титулын германиялық Агит Кабайелге қарсы қорғауды міндеттеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы WBC президенті Маурисио Сулейман мәлімдеді.
39 жастағы украиналық боксшы Александр Усик 23 мамыр күні Мысырдағы Гиза пирамидалары кешені аумағында өткен чемпиондық жекпе-жекте нидерландтық кикбоксшы Рик Верхувенді 11-раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын. Сол кездесуде тек WBC тұжырымы бойынша чемпиондық белбеу сарапқа салынды.
Қазіргі таңда Усик WBC, Халықаралық бокс федерациясы (IBF) және Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA) чемпиондық белбеулеріне иелік етеді.
«WBC шешімі нақты қабылданды. Біз Усиктің ерікті титул қорғау жөніндегі өтінішін қанағаттандырдық және ол жекпе-жек өтіп үлгерді. Енді міндетті кездесу - Усик пен уақытша чемпион Агит Кабайел арасындағы айқас болуы тиіс», - деді Маурисио Сулейман.
33 жастағы Агит Кабайел кәсіпқой рингте осы уақытқа дейін 27 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ол 2025 жылдың ақпан айынан бері WBC-дің уақытша чемпионы саналады.
Ал Александр Усик те кәсіби мансабында өткізген 25 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен. Ол ауыр салмақта екі рет абсолютті әлем чемпионы атанса, бірінші ауыр салмақта да абсолютті әлем чемпионы мәртебесін иеленген.
Осылайша, бокс жанкүйерлері алдағы уақытта жеңілістің ащы дәмін татпаған екі мықты боксшы - Александр Усик пен Агит Кабайел арасындағы тартысты жекпе-жектің куәсі болуы мүмкін.
Фото: Getty Images
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған