Үш балаға 50 мың теңге: Қазақстандық боксшының экс-жұбайы бас прокуратураға шағымданды
Кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлының бұрынғы жұбайы Нұрзат Ақжалбекова алимент мәселесіне байланысты ҚР Бас прокуратурасына үндеу жасады.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында үш баласына ай сайын 50 мың теңге көлемінде алимент төленіп отырғанын айтып, бұл соманың жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
Ақжалбекованың айтуынша, алимент мөлшері Ербосынұлының табысы туралы ұсынылған анықтама негізінде есептелген. Алайда ол құжаттағы мәліметтердің шынайылығына күмән келтіріп отыр.
“Бұрынғы жолдасым Айдос Ербосынұлы алиментті толық көлемде төлемей жүр. Сонымен қатар, ол алиментті жалған анықтама негізінде төлеп отыр деп есептеймін”, — деді Нұрзат Ақжалбекова.
Оның сөзінше, құжатта боксшының “кедендік бақылауда” жұмыс істейтіні көрсетілген. Алайда Ақжалбекова оның күн сайын жаттығу залында жүргенін және келесі жекпе-жегіне дайындалып жатқанын алға тартты.
“Қазір Айдос Ербосынұлы үш балаға айына бар болғаны 50 мың теңге төлейді. Бірақ ол шын мәнінде бұл қызметте жұмыс істемейді деп ойлаймын. Оны күн сайын Instagram парақшасынан көруге болады”, - деді ол.
Нұрзат Ақжалбекова Бас прокуратурадан аталған ақпаратты тексеріп, заңбұзушылық анықталған жағдайда тиісті шара қолдануды сұрады.
“Бұл жағдайға бейжай қарамай, әділ шешім қабылдауларыңызды өтінемін”, - деді ол үндеуінде.
Сондай-ақ ол кенже қызының жасы екіде болғандықтан, толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндігі шектеулі екенін айтып, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға көмек сұрады.
Айта кетейік, Айдос Ербосынұлы кәсіпқой бокста екінші орта салмақта өнер көрсетеді. Оның рекорды - 16 жеңіс, 1 жеңіліс, 11 нокаут. Бұған дейін ол WBO, WBC және WBA ұйымдарының аймақтық белбеулерін иеленген.
2022 жылдың қараша айында Ербосынұлы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін кубалық Давид Моррельмен жұдырықтасып, 12-раундта нокаутпен жеңілген еді. Сол жекпе-жектен кейін боксшы ауыр бас-ми жарақатын алып, медикаментозды комаға енгізілген.
Кейін ол ұзақ ем мен оңалтудан өтіп, денсаулығын қалпына келтірді. Соңғы уақытта боксшы медиа бағытта белсенділік танытып, кітап шығарып, подкаст жобасын іске қосты. Сонымен қатар ол рингке қайта оралу жоспары бар екенін айтып жүр.
Фото: коллаж: turkystan.kz
Бразилияның үздік ойыншыларының бірі әлем чемпионатына қатыса алмайды
Ең көп оқылған