Түркістанда театр маусымы Бекзат Саттархановқа арналған қойылыммен ашылды
Түркістан музыкалық драма театры V маусымын Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың туғанына 45 жыл толуына орай қойылған «Бекзат» драмасымен ашты. Қуат Ежембектің пьесасы негізінде сахналанған қойылымда даңқты спортшының өмір жолы, отбасы мен адами болмысы көрініс тапты, деп жазады malimsports.kz.
Премьераға Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова, ұлттық құраманың танымал бапкерлері мен Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов, Мұхтархан Ділдәбеков және басқа да спорт жұлдыздары қатысты. Қойылым алдында арнайы көрме өтіп, боксшының жеке заттары мен марапаттары көпшілік назарына ұсынылды.
Туындыда шаршы алаңдағы жеңістермен қатар ананың алаңы, әкенің үміті, алғашқы махаббаттың нәзік сезімі мен спорттағы бәсекелестік көрерменге әсерлі жеткізілді. Осылайша көрермендер Бекзаттың спорттық жетістіктерін ғана емес, тұлғалық қасиеттерін де таныды.
Қойылымда Қадыржан Төреханов, Досымжан Арқабеков, Ақ-Сұлтан Әнуарбек сынды жас актерлер басты рөлдерді сомдады. Спектакльдің идея авторы – Асылхан Төлепов, жоба жетекшісі – Айгерім Бозщина, пьеса авторы – Қуат Ежембек, қоюшы режиссері – Карло Шакалуга.
Премьера соңында облыс әкімі театр ұжымына гүл шоқтарын табыстап, өнер иелерінің еңбегін жоғары бағалады. Қойылым 9-12 қазан күндері сағат 19:00-де сахналанады.
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған