Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған ХХІV халықаралық турнир өтіп жатыр
Түркістандағы Olympic Center спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, қазақ боксының мақтанышы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы ХХІV халықаралық турнирдің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, батыр боксшының анасы Сырлыкүл Саттарханова және Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов қатысты. Қонақтар жас спортшыларға сәттілік тілеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды.
Дәстүрлі халықаралық дода 30 наурыз бен 4 сәуір аралығында өтеді. Жарыс барысында ерлер 10, қыздар 5 салмақ дәрежесінде сынға түсіп, үздіктер анықталады. Биылғы турнирге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан және Қазақстанның барлық өңірлерінен барлығы 252 спортшы қатысуда (209 ер, 43 қыз).
Айта кетейік, бұл турнирдің маңызы ерекше: осы дода барысында халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын жастар құрамасы жасақталады. Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев үздік спортшыларды іріктеп, олар алдағы Азия және әлем чемпионаттарында, сондай-ақ жастар арасындағы Олимпиадада Қазақстанның атын қорғайтын болады.
Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ең көп оқылған