Танымал боксшы Жәнібек Әлімханұлын допинг дауына қатысты ақтады
Америкалық боксшы Райан Гарсия қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына қатысты пікір білдірді.
Гарсияның айтуынша, допинг-тесттің оң нәтиже көрсетуі әрдайым тыйым салынған препаратты әдейі қолданды дегенді білдірмейді.
«Мен бұл туралы басқалардан жақсырақ айта аламын деп ойлаймын, себебі өзім де бір кездері допинг-тесттен оң нәтиже көрсеткенмін. Бірақ өмірімде ешқашан допинг қолданған емеспін. Қазір тағамдық қоспалардың ластануы үлкен мәселе болып отыр. Бұл жағдай Жәнібекке қатысты ма, білмеймін, бірақ дәл осындай жайт Сабриэль Матиаспен де болғанына сенімдімін. Остарин – сапасыз қоспалардың ішінде ең көп кездесетіндерінің бірі. Ол нақты қай заттан сүрінді – мельдоний ме, әлде басқа ма – оны уақыт көрсетеді», – деді америкалық боксшы.
Еске сала кетейік, 7 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) кубалық боксшы Эрисланди Ларамен (32-3-3, 19 КО) жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда қазақстандық боксшының допинг-тесті оң нәтиже көрсетіп, жекпе-жек күшін жойған еді.
Қазіргі таңда аталған жағдайға байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар допинг сынамасының тағамдық қоспалар арқылы ластануы мүмкін екенін де жоққа шығармай отыр.
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған