IBA нұсқасы бойынша екінші аса жеңіл салмақта әлем чемпионы болған Марат Мәзімбаевтың бірге отасқан жұбайы Жанна Мәзімбаева өмірден өтті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Боксшы жұбайымен 2001 жылы отасқан. Осы уақыт аралығында алты баланың ата-анасы атанып үлгерді. Марқұмның артында төрт қыз, екі ұлы қалды.
Айта кетейік, Марат Мәзімбаев кәсіби мансабын 2000 жылы бастады. Ол рингте 25 жекпе-жек өткізіп, соның 20-сында жеңіске жетті (оның 14-ін нокаутпен аяқтады), төрт рет жеңілді, ал бір кездесу тең нәтижемен аяқталды.
Мәзімбаевтың жекпе-жектерінің басым бөлігі Ресейде өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанда және АҚШ-та үш реттен жұдырықтасып, тағы бір кездесуін Тайландта өткізді.
Мансабы барысында Мәзімбаев екінші аса жеңіл салмақта WBO Inter-Continental аймақтық белбеуінің иегері атанып, ал жеңіл салмақта IBF Inter-Continental атағына үміткер болды.
Фото: ашық дереккөзден