Софиядағы «Странджа» турнирінде Қазақстанның екі боксшысы финалға шықты
София қаласында өтіп жатқан халықаралық «Странджа» турнирінің бесінші жарыс күнінде Қазақстан ерлер құрамасынан екі боксшы финалға жолдама алды.
23 ақпан мен 2 наурыз аралығында ұйымдастырылған дәстүрлі турнирге 36 елден 300-ден астам былғары қолғап шебері қатысуда. Қатысушылар қатарында Болгария, Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ, Куба, Әзербайжан, Бразилия, Украина, Моңғолия, Англия, Түркіменстан, Қытай Тайпейі және өзге де мемлекеттердің спортшылары бар.
50 келіге дейінгі салмақта Даниял Сәбит жекпе-жексіз финалға шықты. 2025 жылғы Қазақстан чемпионы жартылай финалда өзбекстандық Асилбек Жалиловпен кездесуі тиіс болған. Алайда қарсыласы жарақатына байланысты шаршы алаңға шығудан бас тартты.
70 келі салмақта Фарух Тоқтасынов та финалға жолдама алды. Оның қарсыласы - өзбекстандық Шавкатжон Болтаев жарақатына байланысты жекпе-жекке қатысқан жоқ.
Бұған дейін әйелдер құрамасынан бірнеше боксшы финалға өткен еді. Атап айтқанда, 54 келіде Элина Базарова, 65 келіде Лаура Есенкелді және 80 келіден жоғары салмақта Валерия Аксенова алтын жүлде үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ Надежда Рябец (80 келі) ешқандай жекпе-жексіз бірден финалға жолдама алды.
Жартылай финалда 54 келі салмақта Элина Базарова мен Әнел Сақыш өзара кездесті. Қазақстан құрамасы арасындағы тартысты айқаста Базарова 3:2 есебімен жеңіске жетті.
65 келіде Лаура Есенкелді ирландиялық Грейн Уолшты 4:1 есебімен ұтып, финалға өтті.
75 келіде Валентина Хальзова австралиялық Эмма-Сью Гринтриден 1:4 есебімен жеңіліп, жарысты жартылай финалда аяқтады.
80 келіден жоғары салмақта Валерия Аксенова болгариялық Алейна Мехмедті бірінші раундта нокаутпен жеңді. Ал осы салмақта Дина Исламбекова өзбекстандық Олтиной Сотимбоеваға 2:3 есебімен есе жіберді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы «Странджа» турнирінде бірнеше салмақта финалға шығып, алтын медаль үшін таласатын болды.
Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған