457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Sky Sports Иван Дычко үшін алдағы жекпе-жектің маңызын атап өтті

Кездесу 6 маусым күні Англияның Борнмут қаласында өтетін Zuffa Boxing кеші аясында ұйымдастырылады.

Британдық Sky Sports телеарнасы қазақстандық ауыр салмақтағы боксшы Иван Дычко мен англиялық Харви Дайкс арасындағы жекпе-жекке қатысты болжам жасады, деп хабарлайды malimsports.kz

Кездесу 6 маусым күні Англияның Борнмут қаласында өтетін Zuffa Boxing кеші аясында ұйымдастырылады.

Басылымның пікірінше, бұл айқастағы жеңіс екі боксшының да мансабындағы маңызды қадам болмақ. Жекпе-жекте жеңіске жеткен спортшы болашақта анағұрлым атақты қарсыластармен кездесу мүмкіндігіне ие болады.

«Кештің алдын ала бағдарламасының басты оқиғасы ауыр салмақтағы Иван Дычконың рингке оралуы болмақ. Ол жеңіліп көрмеген британдық Харви Дайкспен күш сынасады. Бұл кездесудің жеңімпазы үлкен жекпе-жектерге бір қадам жақындайды», - деп жазады Sky Sports.

Қазақстандық боксшы Иван Дычко (15 жеңіс, 1 жеңіліс, 14 нокаут) – Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері. Бойы 206 сантиметр болатын спортшы 2025 жылдың қыркүйегінде америкалық Джермейн Франклиннен күтпеген жерден жеңілгеннен кейін мансабын қайта жандандыруға мүмкіндік алмақ.

Ал Харви Дайкс кәсіпқой бокстағы жолын 2023 жылы бастаған. Бұған дейін ол әуесқойлар арасында Англия чемпионатында ауыр салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған.

Еске салсақ, Иван Дычко соңғы жекпе-жегін өткен жылдың 13 қыркүйегінде АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткізген болатын. Сауль Альварес пен Теренс Кроуфордтың бокс кеші аясында өткен кездесуде қазақстандық боксшы америкалық Джермейн Франклинге төрешілердің бірауызды шешімімен есе жіберіп, кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.

Енді Дычко үшін Харви Дайкске қарсы кездесу жеңісті жолға қайта оралып, рейтингтегі орнын жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды сынақ болмақ.

Фото: ашық дереккөзден