457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Серік Сәпиев пен орынбасарының арасындағы жанжалдың нүктесі қойылды

Серік Сәпиевтің айтуынша, ол қандай да бір арандатушылыққа ермейді және әр әрекеті үшін жауапкершілік арқалайтынын толық түсінеді.

Лондон Олимпиадасының чемпионы, Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады.

Ол мемлекеттік қызметші ретінде әдеп қағидаттарын қатаң ұстанатынын айтып, жағдайды «толық қаралып, жабық» деп есептейтінін жеткізді.

Серік Сәпиевтің айтуынша, ол қандай да бір арандатушылыққа ермейді және әр әрекеті үшін жауапкершілік арқалайтынын толық түсінеді.

«Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқан жағдайға байланысты жауап берейін деп шештім. Мен мемлекеттік қызметші ретінде өз міндетімді атқару барысында мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаттарын қатаң сақтаймын. Бала кезімнен бапкерлерім маған шаршы алаңнан тыс жерлерде күш қолдануға болмайтынын үйреткен. Әрбір іс-әрекетім үшін жауапкершілік арқалайтынымды толық түсінемін. Сондықтан қандай да бір арандатушылыққа ермеймін. Мәселе толық қаралып, жабық деп есептеледі», – деді ол.

Бұған дейін бірқатар ақпарат көздерінде Серік Сәпиевтің соққыға жығылғаны туралы мәлімет тараған. Алдын ала дерек бойынша, оған өз орынбасары, самбодан әлем және Азия чемпионы Дәурен Есімханов қол көтерді деген ақпарат айтылған.

Оқиғаға қатысты Қарағанды облысының Полиция департаменті жанжал болғанын растады. Ведомство мәліметінше, ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияровтың айтуынша:

«42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды».

Серік Сәпиев өз сөзінде күш қолдану спорт аренасымен шектелуі тиіс екенін, ал мемлекеттік қызметте сабыр мен жауапкершілік бірінші орында тұратынын атап өтті.