Ресей құрамасы World Boxing шешіміне қатысты пікір білдірді
Ресей бокс құрамасының мүшелері World Boxing ұйымының халықаралық жарыстарға ұлттық туы мен әнұранымен қатысуға рұқсат беру туралы шешімін оң бағалады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы әлем чемпионаттарының жүлдегері, 2024 жылғы Еуропа чемпионы және Ресейдің алты дүркін чемпионы Эдмонд Худоян мәлімдеді.
Бұған дейін Ресейдің спорт министрі әрі Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Михаил Дегтярев World Boxing ұйымы ресейлік боксшыларға барлық жас санатындағы халықаралық жарыстарға ұлттық туы мен мемлекеттік әнұранымен қатысуға рұқсат бергенін хабарлаған болатын.
Эдмонд Худоян бұл шешімнің команда үшін маңызды екенін атап өтті.
«Бізге халықаралық жарыстарға туымыз бен әнұранымызбен қатысуға мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын. Бас бапкер Виктор Фархутдинов қыркүйек айында Болгарияда өтетін Еуропа чемпионатына қатысуымыз мүмкін екенін айтты. Жақын арада халықаралық аренада жанкүйерлерге тартымды жекпе-жектер сыйлаймыз деп сенемін. Ресей құрамасының барлық мүшесі бұл жаңалықты қуана қабылдады», - деді ол.
Сонымен қатар Худоян өзінің салмақ дәрежесіне байланысты Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі жоқ екенін жеткізді.
«Өкінішке қарай, Олимпиада бағдарламасында 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесі жоқ, тек 57 келіге дейінгі санат енгізілген. Сондықтан әзірге Олимпиада медалі үшін күресу мүмкін болмай тұр. Болашақта менің салмақ дәрежем де ойындар бағдарламасына енгізіледі деп үміттенеміз», - деді ресейлік боксшы.
Айта кетейік, қазіргі уақытта World Boxing ұйымының президенті – қазақстандық Геннадий Головкин. Сонымен қатар ол Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті қызметін де атқарады.
Фото: ҰОК
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған