Қорғаныс министрі боксшы Алуа Балқыбекованы марапаттады

Қазақстандық боксшы, армия спортшысы Алуа Балқыбекова жуырда бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы атанып, ел мерейін үстем етті. Осыған орай Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов чемпионды арнайы қабылдап, оған «Ел қорғаны» медалін тақты, деп хабарлайды malimsports.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәурен Қосанов Балқыбекованы жеңісімен құттықтап, оның табандылығы мен еңбегін жоғары бағалады. Министрдің айтуынша, спортшының жетістігі жастарға үлгі болып, жеңіске деген сенім мен еңбектің құдіретін көрсетеді.
Министр Балқыбекованың бапкері Әлішер Омаркұловқа алғыс білдіріп, оған мерзімінен бұрын «капитан» әскери атағын тапсырды.
Айта кетейік, Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының боксшылары тарихи жетістікке жетті. Олар 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынға ие болды.
Фото: Қорғаныс министрлігі


Ең көп оқылған
