Қазақстан боксшылары Азия ойындарына дайындық үшін АҚШ-қа аттанды
Қазақстанның ұлттық бокс құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарына дайындық аясындағы кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласына барды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ұлттық құраманың мүшесі Санжар Тәшкенбай әлеуметтік желідегі парақшасында сапардан фотосуреттер жариялады. Кадрлардың бірінде ол ұшақ бортында ұлттық құраманың боксшылары Айбек Оралбай және Нұрбек Оралбаймен бірге көрінсе, тағы бір суретте спортшылар Лос-Анджелес халықаралық әуежайына келген сәт бейнеленген.
Бұған дейін АҚШ-қа бас бапкер Елдос Сайдалин жетекшілік ететін Қазақстан әйелдер құрамасы да жеткен болатын. Ерлер және әйелдер құрамалары University of California, Los Angeles (UCLA) кампусында орналасып, бір ай бойы Калифорнияда бірлескен дайындық жүргізеді.
Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласы мен Айти префектурасында өтеді. Бұл жарыс Қазақстан бокс құрамасы үшін маусымдағы ең басты сындардың бірі саналады. Ал құрлық додасы алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиыны тікелей Жапонияда ұйымдастырылады.
Фото: ҚФБ
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған