Қазақстан боксшылар Азия чемпионатындағы екінші алтын медальін жеңіп алды
Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан 19 және 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын медаль түсті, деп хабарлайды malimsports.kz.
U-19 жас санатында +90 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Владислав Саможонов финалда Өзбекстан боксшысы Ислам Салиховпен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жек қорытындысында қазақстандық спортшы төрешілердің 3:2 есебімен шығарған шешімі бойынша жеңіске жетіп, Азия чемпионы атанды.
Осыған дейін Қазақстан мен Өзбекстан өкілдері арасында өткен екі финалдық кездесуде Тимур Тайбеков (80 келі) пен Руслан Ахметов (85 келі) қарсыластарына жол беріп, күміс жүлдемен шектелген болатын.
Айта кетейік, бұған дейін U-19 санатындағы 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Бибарыс Әшірбай Қазақстан құрамасына алғашқы алтын медальді сыйлаған еді.
3-16 шілде аралығында өтіп жатқан құрлық біріншілігінің соңғы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының тағы жеті боксшысы чемпиондық атақ үшін шаршы алаңға шығады.
Фото: ҚБФ
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған