Қазақстан бокс құрамасы Азия чемпионатына қатысу үшін Ұланбатырға жетті
Қазақстанның бокстан ерлер және әйелдер құрамалары World Boxing ұйымының бастамасымен өтетін Азия чемпионатына қатысу үшін Моңғолия астанасы Ұланбатырға келіп жетті.
Құрлықтық дода 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында өтеді. Бұл – World Boxing аясында ересектер арасында ұйымдастырылатын алғашқы Азия чемпионаты.
Дода қарсаңында Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Ерлер құрамасы бас бапкер Нұржан Нысановтың жетекшілігімен Түркістан облысында дайындалса, әйелдер құрамасы бас бапкер Елдос Сайдалиннің басқаруымен Алматы облысында жаттығу жұмыстарын пысықтады.
Ерлер құрамасында ел намысын мына былғары қолғап шеберлері қорғайды: Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Оразбек Асылқұлов (60 келі), Ертуған Зейнулинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) және Айбек Оралбай (90 келіден жоғары).
Ал әйелдер құрамасы сапында Азия чемпионатына Әйгерім Сәттібаева (48 келі), Жазира Орақбаева (51 келі), Элина Базарова (54 келі), Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Лаура Есенкелді (65 келі), Бақыт Сейдіш (70 келі), Валентина Хальзова (75 келі), Надежда Рябец (80 келі) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) қатысады.
Қазақстан құрамасы бұл жарыста жоғары нәтиже көрсетуге ниетті. Айта кетейік, World Boxing ұйымы ересектер арасындағы алғашқы құрлықтық чемпионатты өткізуді қолға алып отыр.
Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Ең көп оқылған