Қазақстан бокс федерациясы 2026 жылғы құрамды қалай жасақтамақ?
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов пен ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Аскар Еркебаев Qazsport арнасына берген сұхбатында 2026 жылға арналған команда құрамын жасақтау принциптері туралы айтып берді.
Мерей Ақшалов:
«Қазіргі уақытта Қазақстан чемпионаты аяқталды, бапкерлер ұлттық құраманың алдын ала құрамын жасақтады. Әр салмақ дәрежесінде 4-5 спортшыдан, кейбір салмақтарда 3-4 боксшыдан бар. Келесі жылы бізді көптеген халықаралық турнирлер күтеді, соның ішінде төрт Әлем кубогы кезеңі бар. Әр спортшыға өз мүмкіндігін көрсетуге жағдай жасалады.
Кім үздік нәтижеге қол жеткізіп, Азия ойындарына дейін ең жақсы спорттық формада болса, сол спортшы негізгі құрамда өнер көрсетеді. Егер бірнеше боксшының көрсеткіші бірдей болса, олар арасында спарринг өткізіледі», - деді ол.
Аскар Еркебаев:
«Кейбір боксшылар жақсы нәтиже көрсетіп, өздерін «Мен чемпионмын» деп ойлап, босаңсып қалуы мүмкін. Бірақ ондай ұстаным дұрыс емес. Қазақстан бокс федерациясының президенті нақты тапсырма берді: жарысқа сол сәтте ең жақсы дайындық деңгейін көрсеткен спортшы ғана барады. Сондықтан ешкім өз орнын алдын ала бекітілген деп ойламауы керек, - деп атап өтті аға жаттықтырушы.
Еске сала кетейік, 2025 жылы өткен World Boxing әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының атынан келесі спортшылар алтын медаль жеңіп алды:
Санжар Тәшкенбай (50 кг)
Махмұд Сабырхан (55 кг)
Төрехан Сабырхан (70 кг)
Айбек Оралбай (+90 кг)
Алуа Балқыбекова (51 кг)
Аида Әбікеева (65 кг)
Наталья Богданова (70 кг).
Фото: Ақорда
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған