Мәзір
Бокс

«Қазақ королі» әлем чемпионы атағына бір қадам жақын

Сабина Асқарқызы 119 қаралым
«Қазақ королі» әлем чемпионы атағына бір қадам жақын

Екінші жартылай жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Сұлтан Зауырбек (20-0, 13 KO) IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына үміткер атану жолындағы жекпе-жекке қатысты мәлімдеме жасады.

Бұған дейін Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Сұлтан Зауырбек пен австралиялық боксшы Лиам Уилсон (17-3, 9 KO) арасында іріктеу жекпе-жегін өткізу туралы шешім қабылдаған еді. Бұл кездесудің жеңімпазы қазіргі әлем чемпионы – мексикалық Эдуардо Нуньеске (29-1, 27 KO) қарсы титулдық айқасқа міндетті үміткер атанады.

Сұлтан Зауырбектің айтуынша, шешуші іріктеу жекпе-жегі 2026 жылдың ақпан айында Австралияда өтеді.

«2026 жылдың ақпан айында IBF титулы бойынша финалдық жекпе-жекке Австралияда шығамын. Бұл айқаста жеңіске жеткен боксшы әлем чемпионы атағы үшін қазіргі белдік иегері мексикалық Эдуардо Нуньеспен жұдырықтасады», – деді Сұлтан Qazsport телеарнасына берген сұхбатында.

Сұлтан Зауырбек соңғы рет 5 сәуірде Астанада рингке шықты. Ол бұл кездесуде Оңтүстік Африка Республикасының боксшысы Азинга Фузилені (18-3, 12 KO) төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіп, IBF Inter-Continental белбеуін иеленді.

Қазіргі таңда Сұлтан Зауырбек IBF рейтингінде 5-орында, ал оның болашақ қарсыласы Лиам Уилсон 8-орында тұр. Сонымен қатар қазақстандық боксшы WBA нұсқасы бойынша екінші орынға жайғасқан.

Егер Зауырбек алдағы іріктеу жекпе-жегінде жеңіске жетсе, ол Қазақстан боксы тарихындағы кезекті әлем чемпионы атану мүмкіндігіне ие болады.

Фото: x.com/SultanZaurbek

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар