Қазақ боксшылары әлем чемпионатын табысты бастады

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жектерінде сенімді түрде жеңіске жетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бейбарыс Жексен (60 келіге дейін) алғашқы кезеңде Джунмилардо Огаиремен (Филиппин) қолғап түйістірді. Отандасымыз алғашқы раундтан-ақ басымдық танытты. Нәтижесінде, қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен жеңді. Ал Төрехан (70 кг) үшін дебюттік кездесу оңай болған жоқ. Алжирлік Эсуф Яиче лайықты қарсылық танытып, айқасты шиеленістіре түсті. Дегенмен, үшінші раундта Төрехан екі мәрте қарсыласын нокдаунға жіберді.
Осылайша қазақстандық боксшы 3:2 есебімен төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетті.
Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Виктория Графеева 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетуде. Отандасымыз алғашқы кездесуінде Донета Садикумен (Косово) өзара мықтыны анықтады. Жекпе-жек тең дәрежеде өтті. Дегенмен Виктория Графеева үшінші раундта басымдық танытып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Өкінішке қарай, Надежда Рябец Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/8 финалында жеңіліп қалды. Жерлесіміз 75 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған еді. Надежда Рябец бұл кезеңде қытайлық Лина Уангпен жұдырықтасты. Жекпе-жектің қорытындысы бойынша Қытай елінің өкілі төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Фото: ҚР бокс федерациясы

Ең көп оқылған
