Қарағанды облысында спорт басқармасы басшыларының төбелесіне байланысты тексеріп жүріп жатыр - министр
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы төбелеске қатысты тексеріс басталды. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, аталған жағдайға байланысты уәкілетті органдар тарапынан тиісті тексеру жүргізілуде.
«Әкімдікте болған жағдайға байланысты тексерістер басталды. Мемлекеттік істер қызметі де өз бағасын береді. Қазір уәкілетті органдардың жауабын күтіп отырмыз», – деді министр.
Сонымен қатар Ербол Мырзабосынов Серік Сәпиев пен Дәурен Есімхановтың мемлекеттік қызметке тағайындалмас бұрын барлық талап пен критерийлерден өткенін атап өтті.
Министр Серік Сәпиевтің еңбек жолына да тоқталып өтті.
«Серік Сәпиев – бұрын депутат болған, министрліктің дене шынықтыру және спорт комитетін шамамен үш жыл басқарған, Ұлттық Олимпиада комитетінде қызмет атқарған азамат. Ол – еліміздегі 16 Олимпиада чемпионының бірі. Өз тәжірибесімен бөлісу үшін туған өңіріне жіберілген болатын», – деді ол.
Ал орынбасары Дәурен Есімхановтың да мемлекеттік қызметке арнайы іріктеу талаптары арқылы келгенін, спорт саласында еңбек өтілі бар екенін айтты. Министрдің сөзінше, басқарма басшысы мен оның орынбасарын жергілікті әкімдік тағайындайды.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасында жанжал туындап, төбелес болғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейінірек оқиғаға қатысты бейнежазба жарияланып, қоғамда кең талқыға түсті. Осы жағдайдан соң Серік Сәпиев әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасаған болатын.
Фото: Туризм және спорт министрлігі
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған