Қайрат Сәтжановтың бас бапкерліктен кеткен соң мәлімдеме жасады
Қазақстан боксы федерациясының бұрынғы бас бапкері Қайрат Сәтжанов ерлер ұлттық құрамасының тізгінін тапсырғаннан кейін пікір білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.
10 қаңтарда Қазақстан бокс федерациясы ерлер құрамасының жаңа бас бапкері тағайындалғанын ресми түрде жариялаған болатын. Осылайша, бір жарым жыл бойы құраманы басқарған Қайрат Сәтжанов қызметінен кетті.
«Ең үлкен табысымыз – Англияда, футбол отанында өткен әлем чемпионаты болды. Ливерпульде біз тарих жасадық: ерлер мен әйелдер құрамасы бірге 7 алтын медаль жеңіп алды. Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан екі дүркін әлем чемпионы атанды. Бір әулеттен шыққан ағайынды Махмұд пен Төрехан алтын медаль алды. Айбек Оралбай да тарихқа енді – ол әлем чемпионы болды.
Соңғы IBA әлем чемпионатында біз 3 алтын алып, Ресейден кейін екінші орынға шықтық. Бұл – өте сәтті жыл болды деп ойлаймын», - деген Сәтжанов өз жұмысының басты жетістігін атап өтті.
Сондай-ақ ол қызметтен кету себебі мен болашақ жоспары туралы атады.
«Мен федерацияда қаламын немесе шеберлік мектебінде жаттықтырамын. Ұлттық құрамада кеңесші ретінде жұмыс істеп, жігіттерге көмектесемін. Бапкерлік штабпен бәрібір байланыста боламыз. Бас бапкер қызметінен кетуімнің басты себебі – денсаулығым. Үйдегі балаларым да денсаулығыма көңіл бөліп, аздап демалуымды сұрады», – деді Сәтжанов.
Айта кететін жайт, оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Болгарияда өткен беделді «Странджа кубогында» 5 алтын, ал әлем чемпионаттарында 7 алтын медаль иеленді.
Фото: Ашық дереккөзден
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған