Өзбекстандық Олимпиада чемпионы Қазақстан туралы пікір білдірді
Өзбекстан құрамасының боксшысы, 2024 жылғы Олимпиада чемпионы әрі екі дүркін әлем чемпионы Абдумалик Халоков Қазақстандағы оқу-жаттығу жиындары туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Спортшының айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстандағы дайындық базаларының айырмашылығы аса байқалмайды.
Егер біздің базамыз бен сіздердің базаларыңызды салыстыратын болсақ, айтарлықтай айырмашылық жоқ. Себебі біз де таулы аймақта жаттығамыз. Өзбекстанда да оқу-жаттығу жиындары тауда өтеді. Бұл жиын барлығымызға пайдалы болады. Қазақстан - өте қонақжай халық. Мұны жақсы білеміз. Менің қазақ достарым көп - Махмуд, Оралбай. Бізді жақсы қарсы алып, құрмет көрсетті. Екі елдің қарым-қатынасы жоғары деңгейде, - деді ол.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары Түркістан облысы аумағында бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Жаттығу жиындары World Boxing аясындағы Азия чемпионатына дайындық шеңберінде ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, аталған жиынға Түрікменстан, Түркия және Германия ұлттық құрамалары да қатысуда.
Фото: Ашық дереккөзден
Ең көп оқылған