Башқұртстан астанасы Уфа қаласында әйелдер арасында бокстан Ресей чемпионаты аяқталды. Байрақты бәсекеде 48 өңірден 163 спортшы өнер көрсетті.
81 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен омбылық қазақ қызы, Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері Салтанат Меденова финалда Краснодар өлкесінің өкілі, 2023 жылғы әлем чемпионы Анастасия Демурчянды жеңіп, чемпион атанды. Бұл - Салтанаттың қатарынан екінші жыл Демурчяннан басым түсуі және төртінші рет Ресей чемпионы атануы.
Турнирде барлығы 12 салмақ бойынша жеңімпаздар анықталды. Жүлде қоры - 24 миллион рубль, чемпиондар 1,5 миллион рубльден алды.
24 жастағы Салтанаттың ең ірі жетістіг- 2024 жылдың наурыз айында Сербияда өткен әлем чемпионатында түркиялық Бюшра Ишилдарды шешуші жекпе-жекте жеңіп, әлем чемпионы атануы.
Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко Салтанатты жеңісімен құттықтап, спортшы өз кезегінде жанкүйерлеріне, отбасына және қос Олимпиада чемпионы Алексей Тищенкоға қолдауы үшін алғыс айтты.