Нұржан Насанов: Биыл негізгі мақсатымыз – Азия чемпионаты мен Азия ойындары
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы 2026 жылы өтетін басты додаларға дайындықты бастап кетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ұлттық құраманың бас бапкері Нұржан Насанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жуырда өткен Странджа кубогын қорытындылап, алдағы жоспарын айтты.
- Жалпы ұлттық құрама туралы не айтар едіңіз? Сіз қызметке кіріскеннен кейін дайындық жүйесіне өзгеріс енгізіле ме?
- Бапкерлік қызметке тағайындалған сәттен бастап ұлттық құраманың әлеуетін өз көзіммен көріп, мүмкіндігін саралауды жөн санадым. Сол себепті негізгі құрамды Испания мен Болгарияда өткен халықаралық турнирлерге апардым. Әр бапкердің өзіндік әдіс-тәсілі, дайындау жүйесі бар. Біз жаттығу барысында спортшылардың физикалық дайындығына, функционалдық төзімділігіне және тактикалық сауаттылығына айрықша мән береміз.
- Жақында Странджа кубогы өтті. Сол турнирде өнер көрсеткен боксшыларға қандай баға берер едіңіз? Негізгі құрамға қосылатын спортшылар бар ма?
- Бұл жарысқа көптеген ел бірінші нөмірлі спортшыларын алып келді. Біз екінші және үшінші құрамдағы боксшыларға мүмкіндік бердік. Өзбекстан құрамасы да бірінші және екінші нөмірлі спортшыларын қосты. Оған қоса қатысушылар саны артып, бәсеке жоғары деңгейде болды. Аталған турнир бізге қай тұста кемшілік барын, қай бағытта жұмыс істеу керектігін нақты көрсетті. Мәселен, 65 келі салмақта үш боксшыны сынап көрдім. 60 келіде Бейбарыс Жексен мен Руслан Күзеубаевқа мүмкіндік берілді. Өкінішке қарай, олар жарысты жеңіспен аяқтай алмады. Ауыр салмақта да кішігірім мәселелер бар. 80 келіде Санжарәлі Бегалиевті байқап көрдік, бірақ ол да жүлдеге жете алмады. Енді бапкерлер штабымен, федерациямен ақылдасып, шешім қабылдаймыз. Дегенмен негізгі құрамға қосыла алатын жас спортшылар бар. Олармен әлі де жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек. Сондай-ақ бұл жарыс боксшыларымыз үшін тәжірибе болды. Олар әлем және Олимпиада ойындарында жолығуы мүмкін басты қарсыластарын байқап көрді.
- Алдағы уақытта оқу-жаттығу жиындары өткізіле ме? Жоспар қандай?
- Биыл негізгі мақсатымыз - Азия чемпионаты мен Азия ойындары. Әр жарысқа арнайы әзірленген дайындық жоспары бар. Біз Азия ойындарына дейін жоспарлы түрде циклдік жүйемен дайындаламыз. Қазір алғашқы цикл аяқталды. Бірінші оқу-жаттығу жиыны «Алма-Тау» орталығында болса, екіншісі Испанияда өтті. Кейін жарысқа қатыстық. Әр цикл екі оқу-жаттығу жиыны мен бір жарыстан тұрады. Мен барлық спортшыға өздерін сынап көруге мүмкіндік бердім. Команданың әлеуетін саралап алдық. Енді соған сәйкес нақты бағытта жұмысты жалғастырамыз.
- Алдағы ірі додаларға құрам қалай жасақталады?
- Қазір нақты жоспарымыз бар. Азия чемпионатынан кейін ұлттық құраманың тізімі белгілі болады. Азия ойындарында алты салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Оған қоса алда екі Әлем кубогының кезеңі өтеді. Бірінші кезең Бразилияда, екінші кезең Қытайда ұйымдастырылады. Сондықтан іріктеуге әлі уақыт жеткілікті. Барлығын саралап, асықпай шешім қабылдаймыз.
Фото: ҚБФ
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған