Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин алдағы Әлем кубогының финалына дайындық барысы мен команда құрамындағы өзгерістер туралы мәлімдеді.
Әлем кубогының финалы 2025 жылғы 17–22 қараша аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында өтеді. Бас бапкердің шешімі бойынша, Ливерпульде өткен 2025 жылғы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бұл жарысқа қатыспайды.
«Бізде 1-14 қараша аралығында оқу-жаттығу жиыны өтеді. Үндістанда өтетін Әлем кубогының соңғы кезеңіне әр салмақ дәрежесінен үш спортшыдан дайындаймыз. Барлығы бес үздік боксшы ел намысын қорғайды», - деді Елдос Сайдалин.
Сонымен қатар бапкер әлем чемпионатында өнер көрсеткен спортшыларға демалыс берілгенін атап өтті:
«Олар бұл жиынға қатыспайды. Желтоқсан айынан бастап қайта жаттығу процесіне қосылады», - деді ол.
Ливерпульде өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді.
Чемпиондар:
Алуа Балқыбекова
Аида Әбікенова
Наталья Богданова
Жүлдегерлер:
Назым Қызайбай – күміс жүлде
Виктория Графеева – қола жүлде
Елдана Тәліпова – қола жүлде
Айта кетейік, әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазан айында Семейде өткен Қазақстан чемпионатына да қатысқан жоқ.
Бас бапкердің айтуынша, қазіргі мақсат – жас құраммен жұмыс істеп, жаңа спортшыларға халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға мүмкіндік беру.
Фото: ҚФБ