Надежда Рябец Азия чемпионатында алтын жүлдеге таласады
Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing ұйымы аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында қазақстандық боксшы Надежда Рябец (80 кг) финалға жолдама алды.
Жартылай финалда Надежда Рябец тәжірибелі үндістандық боксшы Пужа Ранимен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жекте қос спортшы да айқын басымдық көрсете алмады. Кездесудің тағдыры шешуші үшінші раундта анықталып, төрешілердің шешімімен (3:1) жеңіс қазақстандық спортшыға берілді.
Осылайша, Надежда Рябец құрлық біріншілігінің финалына шығып, алтын жүлде үшін таласуға мүмкіндік алды.
Надежда Рябец 2000 жылдың 14 қыркүйегінде дүниеге келген. Ол – бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі, халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың бірі.
Спортшының жетістіктері де аз емес. 2015 жылы Тайваньда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. 2018 жылы Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен жасөспірімдер Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды. Сол жылы Таиландта жастар арасындағы Азия чемпионы атанды.
2020 жылы Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан әйелдер боксы бойынша жалғыз қатысушы болды. 2023 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Ал 2024 жылы Қазақстан чемпионы атанса, 2025 жылы Астанада өткен бокстан Әлем кубогында финалға дейін жетіп, жоғары деңгейін тағы бір дәлелдеді.
Ең көп оқылған