Моңғолиядағы қазақ боксшысы Бекнұр Қали қарымды қарсыластарының кім екенін атады
Бокстан Моңғолия құрамасының мүшесі, ұлты қазақ Бекнұр Қали Азия чемпионатындағы қарсыластары жөнінде әңгімелеп берді, деп жазады malimsports.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Қандас боксшы Қазақстан бокс федерациясысының баспасөз қызметінің өкілдерімен әңгіме барысында көптеген сұраққа жауап берген.
Мен тарихи отанымда бірнеше мәрте оқу-жаттығу жиынында болдым. Қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің барлығын танимын. Олармен қарым-қатынасым жақсы. Менің салмағымда Қазақстан атынан Айбек Оралбай сынға түседі. Екеуіміз әлі оқу-жаттығу жиынында кездескен жоқпыз. Айта кетсем, биылғы құрлықтық додада ұлты қазақ төрт боксшы бір салмақта сынға түсуге мүмкіндік алдық. Мен және Айбектен өзге Данабек Байқоныс (Қытай) және Арман Маханов (Өзбекстан) сынды боксшылар жарысқа келді. Былтыр елордада жарысқа қатыстым. Қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің оқу-жаттығу жиынында болдым, - деді ол.
Сондай-ақ моңғолиялық боксшы Астана қаласында боксқа жасалған қолдау жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Өзіме Қазақстанда жаттығу жасаған ұнайды. Жалпы, Қазақстан боксы әлемде алдыңғы қатарда келеді. Мен үшін алда үлкен жоспарлар бар. Ендігі кезекте Азия ойындарына жан-жақты әзірлік жасауды алдыма мақсат етіп отырмын. Алған жарақатыма байланысты құрлықтық додаға дайындығым өз деңгейінде болған жоқ, - деді Бекнұр Қали.
Айта кетсек, Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Құрлықтық додада 10 сәуірде аяқталады.
Фото: ҚБФ
Ең көп оқылған