Молдова бокс федерациясы World Boxing құрамына қабылданды
Халықаралық олимпиадалық комитет мойындаған World Boxing федерациясының қатары жаңа мүшемен толықты. Аталған ұйым құрамына Молдова бокс федерациясы ресми түрде қабылданды. Бұл жөнінде федерация басшылығы хабарлады.
Енді молдовалық былғары қолғап шеберлері World Boxing аясында өтетін барлық халықаралық турнирлерге қатысу мүмкіндігіне ие болады. Олардың қатарында 2026 жылдың күзінде Сенегалда өтетін жасөспірімдер Олимпиадасы да бар.
Айта кетейік, World Boxing халықаралық федерациясы 2023 жылдың сәуір айында құрылған. Ал 2025 жылдың қараша айында ұйым тізгінін қазақстандық тәжірибелі маман, әйгілі боксшы Геннадий Головкин қолға алды.
Головкиннің өкілеттік мерзімі 3 жылға есептелген. Яғни, оның басшылығы 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін жалғасады. Бұған дейін бұл қызметті нидерландтық маман Борис ван дер Ворст атқарған болатын.
Қазіргі таңда World Boxing федерациясының құрамына 155 мемлекет мүшелікке қабылданған. Олардың қатарында Азия, Африка, Америка, Еуропа құрлықтары мен мұхит аймағындағы елдер бар.
Биыл федерация тарапынан бірқатар ірі спорттық жарыстар ұйымдастыру жоспарланған. Атап айтқанда, Азия және Еуропа чемпионаттары, жазғы Азия ойындары, сондай-ақ өткен жылғыдай әлем кубогын өткізу көзделіп отыр.
Фото: olympic.kz
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған