«Мен күресіп жатырмын»: Данияр Елеусінов қиындықтары туралы сыр шертті
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов әлеуметтік желідегі парақшасында өміріндегі қиын кезең туралы ашық айтты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қазақстандық боксшы алкогольге тәуелділікке тап болғанын, оңалту орталығында бір ай болғанын және жол-көлік оқиғасынан кейінгі жағдайын баяндады. Сонымен қатар ол кәсіпқой боксқа қайта оралуға ниетті екенін жеткізді.
Елеусіновтің айтуынша, қиындықтар 2016 жылы Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін басталған. Уақыт өте келе алкогольге деген әуестігі тәуелділікке ұласқан.
Иә, мойындаймын, Олимпиададан кейін алкогольге деген әуестігім, ішімдікке бейімділігім пайда болды. Мұның қалайша ауруға айналып кеткенін өзім де білмеймін. Бірақ бұл күлетін нәрсе емес. Қазір адамдар күледі, түрлі нәрсе айтады. Бұл өздерінің басынан өтпейінше, оның не екенін түсінбейді. Мен де жас кезімде күлетінмін. Бірақ мұндай сынақ күлетін адамның да басына келеді. Алла бұл өмірде бәрімізді сынайды. Сондықтан сөздеріңізге абай болыңыздар. Мен күресіп жатырмын, – деді боксшы.
Спортшы өз басынан өткен жағдайды көпшілікке ашық айтуды маңызды деп санайтынын атап өтті. Оның пікірінше, қоғамда адамның жеке мәселелері туралы шынайы айтуға мүмкіндік болуы керек.
Бәріміздің жағдайымыз керемет деген болмайды. Жұлдыздардың да бәрі ойдағыдай емес. Біз де адамбыз. Ешкім мінсіз емес. Менің де қиындықтарым, шешуді қажет ететін мәселелерім бар, – деді Елеусінов.
Фото: ашық дереккөзден
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған