Мейірім Нұрсұлтанов әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасуы мүмкін
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтановтың WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін өткізетін жекпе-жегіне қатысты жаңа мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Орта салмақта WBC рейтингінің 2023 жылдан бергі міндетті үміткері саналатын Нұрсұлтановтың келесі қарсыласы ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келген еді. Бұған дейін қазақстандық боксшы келіссөздердің жалғасып жатқанын айтқан болатын.
Алғашында Мейірім қазіргі WBC чемпионы Карлос Адамеспен қолғап түйістіреді деген болжам болған. Алайда доминикандық боксшы бұл кездесуден бас тартып, басқа салмақ дәрежесіне ауысу туралы шешім қабылдады.
Соған қарамастан қазақстандық боксшы АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынында дайындықты тоқтатпай, чемпиондық айқасқа әзірлігін жалғастырып жатыр.
Sportministri таратқан мәліметке сәйкес, Нұрсұлтанов 22 тамызда WBC-дің уақытша әлем чемпионы, америкалық Хесус Рамос кішісімен чемпиондық белдік үшін жұдырықтасуы мүмкін.
Сол кештің басты жекпе-жегінде WBA тұжырымы бойынша жартылай орта салмақтағы чемпион Роландо Ромеро мен бұрынғы әлем чемпионы Теофимо Лопес кездесуі ықтимал. Ақпаратқа сәйкес, тараптар алдын ала келісімге келген.
Айта кетейік, әзірге жекпе-жекке қатысты ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Егер кездесу өтетіні расталса, бұл Мейірім Нұрсұлтановтың кәсіби мансабындағы тұңғыш әлем чемпионы атағына арналған айқасы болады.
Фото: Main Events
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған