Жекпе-жек әлеміндегі аса беделді мамандардың бірі, КСРО құрамасын басқарған жалғыз қазақ, Қазақстан кикбоксингінің аңызы Сабыржан Ғалымжанұлы Махметов өмірден өтті.
Қаралы хабарды Жекпе-жек федерациясы ресми түрде растады. Қазақстандық спорт жанкүйерлері оны тәжірибелі жаттықтырушы, шығыс жекпе-жек өнерінің хас шебері әрі жекпе-жек спортын дамытуға зор үлес қосқан тұлға ретінде жақсы таниды.
Марқұм Сабыржан Махметов елімізде кикбоксинг пен ушу-саньда спорттарының іргетасын қалағандардың бірі. Ол Қазақстандағы жекпе-жек федерациясын құрып, ұзақ жылдар бойы оның жетекшісі ретінде ауқымды жұмыстар атқарды.
Сабыржан Ғалымжанұлы – КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Сонымен қатар ол КСРО әуе десант әскерінің (ВДВ СССР) үш дүркін абсолюттік чемпионы, ережесіз жекпе-жектен бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған.
Сондай-ақ ол Дүниежүзілік «Жекпе-жек» қауымдастығының президенті қызметін атқарған.
1990 жылдардың басында елге келіп, жас спортшыларды тәрбиелеу ісіне белсене араласқан Сабыржан Махметов ұлттық спорт мүддесін қорғап, федерация жүйесін қалыптастыру арқылы қазақ жекпе-жек өнеріне тың серпін берді. Оның шәкірттері арасынан елге танымал чемпиондар өсіп шықты.
Марқұм бапкер шәкірттеріне тек спорттық шеберлікті ғана емес, адамгершілік пен рухани тәрбие, табандылық пен жауапкершілік қағидаларын басты орынға қоятын.
Сабыржан Махметовтің қазасы спорт қоғамында ауыр қайғы тудырды. Оның артында қазақ спортына сіңірген еңбегі, тәрбиелеген шәкірттері және ұлттық жекпе-жек өнеріне қалдырған мол мұрасы қалды.
Сабыржан Ғалымжанұлының жарқын бейнесі ел жадында ержүректілік пен табандылықтың символы ретінде сақталмақ.
Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.
Фото: әлеуметтік желіден