Иван Дычко карьерасында алғаш рет жеңілді

Аса ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Иван Дычко (15-1, 14 КО) кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Дычко АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен Сауль «Канело» Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы тарихи айқас кешінің андеркардында америкалық Джермейн Франклинмен (24-2, 15 КО) қолғап түйістірді.
Кездесу 10 раундқа жоспарланып, толық өтті. Белдесу барысында екі боксшы да белсенді қимылдауға тырысқанымен, жекпе-жек көбіне клинчке ұласып, жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Төрешілер бірауыздан жеңісті америкалыққа берді: 96-93, 95-94, 97-92.
Жанкүйерлер жекпе-жекті «кештің ең тартымсыз айқасы» деп бағалады. Алайда бірқатар сарапшылар Дычконың жеңілмегенін, төрешілердің шешімінде әділетсіздік бар екенін атап өтті.
Иван Дычко кәсіпқой бокстағы алғашқы 15 жекпе-жегінің бәрінде жеңіске жетіп, оның 14-ін нокаутпен аяқтаған.
Соңғы кездесуін шілде айында өткізіп, америкалық Сэмюэл Кроссты нокаутқа жіберген еді.
Ал қарсыласы Джермейн Франклин 2024 жылдың мамырынан бері рингке шықпаған болатын. Ол соңғы айқасында алтыншы раундта отандасы Девин Варгасты мерзімінен бұрын жеңді.
Иван Дычко 1990 жылы 11 тамызда дүниеге келген. Әуесқой бокста:
Олимпиада ойындарының екі мәрте қола жүлдегері (2012, 2016),
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2013, 2015) және қола жүлдегері (2011),
Азия чемпионы (2013, 2015) атанған.
Фото: x.com/Turki_alalshikh

Ең көп оқылған
