Мәзір
Бокс

Испания жұртшылығы Санжар Тәшкенбайдың шапшаң соққысына тәнті болды

Сабина Асқарқызы 162 қаралым
Испания жұртшылығы Санжар Тәшкенбайдың шапшаң соққысына тәнті болды

Қазақстан құрамасының жарық жұлдызы Санжар Тәшкенбай Испанияда өтіп жатқан Boxam Elite-2026 халықаралық турнирінде жанкүйерлер назарын өзіне аударды.

Испания бокс федерациясының баспасөз қызметі Instagram желісінде жариялаған видеода қазақстандық боксшының алғашқы жекпе-жектегі шеберлігі ерекше атап өтілді. Кадрларда Тәшкенбайдың үндістандық қарсыласына қарсы айқын жылдамдық басымдығын пайдаланып, күтпеген әрі дәл соққы жасаған сәті көрсетілген.

Испаниялықтар бұл эпизодты: «Тәшкенбайдан тосын сый» деп сипаттады.

50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында Санжар Тәшкенбай Үндістан өкілі Риши Сингхпен қолғап түйістірді. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бөлек шешімімен қазақстандық боксшы 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша Тәшкенбай турнирдің жартылай финалына өтіп, кем дегенде қола жүлдені алдын ала қамтамасыз етті.

Санжар Тәшкенбай – соңғы жылдары Қазақстан боксының ең тұрақты әрі нәтижелі спортшыларының бірі. Оның жетістіктері қатарында:

2025 жылғы әлем чемпионы (World Boxing нұсқасы бойынша)

2023 жылғы әлем чемпионы (IBA нұсқасы бойынша)

2022 жылғы Азия чемпионы

2024 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері

Айта кетейік, Boxam Elite-2026 турнирі 3-8 ақпан аралығында Испанияның Ла-Нусия қаласында өтуде. Қазақстан бұл жарысқа ерлер және әйелдер құрамасымен қатысып жатыр.

Фото: olympic.kz

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар