IBA 2025 жылғы әлем чемпионатында жүлдегерлерге қомақты сыйақы бермек

Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) 2025 жылы ерлер арасындағы әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы ұйым президенті Умар Кремлев мәлімдеді. Оның айтуынша, әлем чемпионаты міндетті түрде өтеді және турнирдің ауқымы кең болады. Қазіргі таңда нақты өтетін мерзімі мен орны туралы ақпарат дайындалып жатыр, жақын арада ресми түрде жарияланады.
Біз бұл жолы да спортшыларға барлық жағынан жоғары деңгейде жағдай жасаймыз. Ұйымдастыру сапасы, инфрақұрылым және сыйақы қоры да жоғары болады, - деді Умар Кремлев.
Еске салайық, 2023 жылы Ташкентте өткен IBA әлем чемпионатына 110 мемлекеттен спортшылар қатысқан. Сол жарыста чемпион атанған боксшыларға 200 мың доллар, күміс жүлдегерлерге 100 мың доллар, қола медаль иегерлеріне 50 мың доллар көлемінде сыйақы берілген болатын.
Ал 2025 жылғы әлем біріншілігінде бұл жүлде қоры екі есеге артуы мүмкін екені айтылып отыр.
Бұған дейін кейбір ақпарат құралдары турнир желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтеді деп хабарлаған. Алайда бұл ресми түрде расталған жоқ.
Қазақстан боксшылары 2023 жылы ІВА өткізген әлем чемпионатында 4 алтын, 1 күміс медаль иеленген болатын.


Ең көп оқылған
