Мәзір
Бокс

Геннадий Головкин World Boxing ұйымын басқарудағы басты мақсатын атады

Сабина Асқарқызы 100 қаралым
Геннадий Головкин World Boxing ұйымын басқарудағы басты мақсатын атады

Геннадий Головкин World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайланып, халықаралық спорт ұйымын басқарған алғашқы қазақстандық атанды, деп хабарлайды malimsports.kz.

Дауыс беру барысында оның кандидатурасы әлемнің 58 елінен қатысқан ұлттық федерациялар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Римде өткен таныстырылымда GGG өзінің басты мақсатын айқындап, бокстың болашағы үшін күресуге дайын екенін айтты. Ол федерацияның адалдыққа, ашықтыққа және спортшыларға бағытталған басқаруға зәру екенін атап өтті. Өзінің бағдарламасында төрт негізгі бағытты белгілеген:

спортшыларды бірінші орынға қою, адалдық, инновациялар және қаржылық тұрақтылық.

Головкиннің айтуынша, федерация мүшелерінің бірлігі мен қолдауы арқасында World Boxing Халықаралық Олимпиада комитетінің сенімін қалпына келтіріп, бокстың Олимпиада ойындарындағы орнын тек 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында ғана емес, болашақта да сақтауға мүмкіндік береді.

Мұнда ең маңыздысы – бокстың болашағы үшін күресу үшін келдім. Дұрыс басқару – спортшылар мен спортты қорғайтын негізгі фактор, – деді Головкин.

Ол енді ұйым жұмысын жаңғыртып, ашық, әділ және спортшыларға бағытталған жүйені қалыптастыруға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар тиімді, еңбекқор және сенімді көшбасшылар тобын құратынын, ұйым мүшелерін әрбір қадам бойынша толық хабардар етіп отыратынын атап өтті.

Лидерлік – адамдардан үстем болу емес, олармен бірге тұру. Бірлік – ұран емес, күнделікті жұмыс тәсіліміз болуы тиіс. Болашақты бірге құрайық, – деді World Boxing президенті.

Ресми тағайындалғаннан кейінгі сөзінде Геннадий Головкин әрбір боксшының әділ әрі қауіпсіз спортта өсіп, дамуына жағдай жасау басты мақсаттарының бірі екенін атап өтті.

World Boxing Олимпиадалық отбасы сенім артатын тәуелсіз, бірақ Олимпиадалық құндылықтарды құрметтейтін федерация болуы тиіс, – деді ол.

Айта кетейік, Геннадий Головкиннің өкілеттік мерзімі – 3 жыл.

 

 

Фото: ҰОК

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар