Геннадий Головкин сайлауға түсетін болды
Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті және World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы – World Boxing ұйымының президенті қызметіне ресми түрде үміткерлер қатарына енді.
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің хабарлауынша, ұйымның жаңа президентін сайлау 2025 жылдың 23 қарашасында Италияның Рим қаласында өтетін World Boxing конгресі аясында өтпек.
Конгресс барысында сондай-ақ федерацияның Атқарушы комитетінің мүшелері де сайланады.
Қазіргі таңда ұйым құрамына кіретін 125 елдің өкілдері дауыс беруге қатысады.
World Boxing – 2023 жылдың сәуір айында құрылған халықаралық бокс федерациясы.
2024 жылдың қыркүйегінде Геннадий Головкин ұйымның Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалған еді. Оның негізгі міндеті — боксты Олимпиада бағдарламасында сақтау және ұйымның Халықаралық Олимпиадалық комитет (ХОК) тарапынан ресми мойындалуына ықпал ету.
2025 жылдың ақпанында ХОК World Boxing ұйымын уақытша мойындап, оған әлемдік деңгейде боксты басқару құқығын берді. Ал наурыз айында ХОК боксты 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына ресми түрде енгізу туралы шешім қабылдады.
Даңқты боксшы өзінің ресми шешімін Instagram парақшасында жариялады:
«Достар, мен халықаралық World Boxing федерациясының президенті лауазымына өз кандидаттурамды ұсыну туралы маңызды шешім қабылдадым.
Менің миссиям – бокстың олимпиадалық болашағын сақтау, сенімді нығайту және спортшыларды, жаттықтырушылар мен федерацияларды біздің спортты дамыту жолындағы талпыныстарында қолдау.
Басты мақсатымыз – Халықаралық Олимпиада комитетінің толық мойындауына қол жеткізіп, бокстың Лос-Анджелес-2028, Брисбен-2032 және алдағы Олимпиада ойындарындағы орнын бекіту.
23 қараша күні біз бокстың жарқын болашағына қарай маңызды қадам жасаймыз».
Геннадий Головкин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері,
2004 жылғы Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2003 жылғы әлем чемпионы.
Кәсіби рингте ол IBF (2015–2018, 2019–2023), IBO (2011–2018, 2019–2023) және WBA (2010–2018, 2022–2023) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атақтарын иеленді.
Головкин қатарынан 23 жекпе-жекте қарсыласын нокаутпен жеңіп, орта салмақ тарихындағы ең жоғары нокаут көрсеткіші үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Фото: ҰОК
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған