Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Қазақстан бокс федерациясын және ұлттық құраманы Ливерпульде өткен алғашқы әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қазақстан құрамасы жарыста 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді.
«Бұл спортшыларымыздың ерік-жігерінің, табандылығы мен шынайы кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі. Олар соңына дейін төтеп беріп, ел намысын лайықты қорғап, қазақ боксының беделін асқақтатты», – деп жазылған құттықтауда.
Головкин жеңіске Федерация тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыс пен бапкерлердің еңбегі де үлкен үлес қосқанын атап өтті.
ҰОК басшысы алда Азия ойындары, 2026 жылғы Аичи-Нагояда өтетін жазғы Азия чемпионаты және 2028 жылғы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары секілді маңызды сындар күтіп тұрғанын атады.
«Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті сіздерге әрқашан қолдау көрсетуге дайын. Біз еліміздің спортшылары алдағы додаларда да жоғары нәтижелерге жететініне сенеміз», – деді Головкин.
Сонымен қатар, ол барлық спортшылар мен жаттықтырушылар құрамына алдағы жарыстарда табыс тілеп, елдің спорттағы биік жетістіктері жалғаса беретініне сенім білдірген.
Фото: Ашық дереккөзден