Қазақстанның даңқты боксшысы Геннадий Головкин кәсіби мансабындағы соңғы жекпе-жегін өз елінде өткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы ол Азия әуесқой бокс федерациясының (Asia Boxing) президентінің міндетін атқарушы Пичай Чунхаваджирамен кездесуде айтты.
«Мен боксты білемін. Бокс – менің өмірім. Әлі де бокспен айналысамын және мүмкін тағы бір жекпе-жек өткізгім келеді. Сол жекпе-жекті Қазақстанда өткізуді қалаймын», – деді Головкин.
Сонымен қатар ол 2022 жылы мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіліс тапқанын еске салды. Сол уақыттан бері Головкин рингке шыққан жоқ.
Қазіргі таңда Геннадий Головкин World Boxing федерациясының президенті лауазымына үміткер, сондай-ақ Олимпиадалық комиссия төрағасы және Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметін атқарады.
Головкин – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, 2003 жылғы әлем чемпионы. Кәсіби мансабында ол IBF, IBO және WBA нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанып, қатарынан 23 қарсыласын нокаутқа жіберіп, орта салмақтағы ең жоғары нокаут пайызы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Фото: ҰОК