Геннадий Головкин Италия бокс федерациясының президентімен кездесті
World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Италия бокс федерациясының президенті Флавио Д'Амбрози және ұйымның бас хатшысы Вальтер Де Джустимен Рим қаласында кездесті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кездесу World Boxing Конгресі қарсаңында өтті. Онда халықаралық федерация президентін сайлау жоспарланған. Головкин италиялық тарапқа Конгресті қысқа мерзімде қабылдап, жоғары деңгейде дайындағаны үшін алғыс білдірді. Федерация басшылығы өз кезегінде алдағы сайлауда Головкинге сәттілік тіледі.
Тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылады. Италия бокс федерациясы қазақстандық боксшылар мен бапкерлерді бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қабылдауға дайын екенін жеткізді. Кездесуде әуесқой және кәсіпқой боксты біріктіру тәжірибесі де сөз болды. Головкин мұндай үрдісті оң бағалайтынын айта келе, басты назар әрдайым ұлттық құрама сапындағы өнер көрсетуде болуы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар, судейлік жүйені жетілдіру мәселесі жеке қаралды. Италия тарапы World Boxing ұйымының бұл бағыттағы жоспарларына қызығушылық танытты. Геннадий Головкин төрешілер мен реферилердің біліктілігін арттыруға бағытталған онлайн-академия жобасы туралы айтып, шешім қабылдауға көмек көрсететін жасанды интеллект жүйелерін тестілеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Тестілеуден кейін жаңа технологияларды енгізу мәселесі қаралатынын жеткізді.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады. Головкин қазіргі уақытта басты назардың Конгресс жұмысына аударылғанын атап өтті. Ал жарыс күнтізбесі, турнирлерді ұйымдастыру және алдағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері Конгрестен кейін егжей-тегжейлі талқыланатын болады. World Boxing Конгресі 23 қараша күні Римде өтеді.
Фото: ҰОК
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған