Мәзір
Бокс

Ермахан Ибраимов Жәнібек Әлімханұлына қолдау білдірді

Сабина Асқарқызы 76 қаралым
Ермахан Ибраимов Жәнібек Әлімханұлына қолдау білдірді

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының допингке қатысты дауы бойынша Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов өз пікірін білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.

Ол «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында көпшілікті асығыс шешім шығармауға шақырды. Спорт тарихында алғашқы тексерістің қате нәтиже берген жағдайлары аз емес екенін атап өтті.

Ибраимовтың айтуынша, боксшының мансабына қатысты түбегейлі қорытынды жасауға әлі ерте. Тәжірибелі маман «В» сынамасының нәтижесін күту қажет екенін жеткізді.

Тарихта бірінші сынамада мәселе анықталып, кейін екінші допинг-тесттен таза өткен спортшылар болған. Сондықтан дүрлікпей, сабыр сақтайық. Екінші талдаудың нәтижесін күтейік, – деді Олимпиада чемпионы.

Еске салайық, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасында үш чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өтуі тиіс еді. Алайда VADA ұйымы боксшының қанынан тыйым салынған мельдоний препаратын анықтағанын хабарлады.

Бұл жағдай жекпе-жектің тағдырына әсер етіп, Premier Boxing Champions ұйымы айқасты кейінге шегерді. Ұйым Лараға жаңа қарсылас тауып, енді рингке 34 жастағы колумбиялық Йохан Гонсалес (36-4, 24 KO) шығатын болды.

Қазақстандық жанкүйерлер Жәнібектің «В» сынамасы таза шығып, оның өз атын ақтайтынына үміт артып отыр.

 

 

Фото: ҰОК

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар