Джеймс «Бадди» Макгирт Жәнібек Әлімханұлымен жұмысын не үшін тоқтатқанын айтты

Америкалық танымал бапкер Джеймс «Бадди» Макгирт қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлымен кәсіби қарым-қатынасының үзілу себебін ашып айтты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ол бұл туралы MillCity Boxing басылымына берген сұхбатында бөлісті.
Бапкердің айтуынша, тараптар арасындағы ынтымақтастық қаржылық келіспеушілікке байланысты тоқтаған. Макгирт келісілген гонорардың бұзылғанын айтып, бұл жағдайды әділетсіз деп бағалады.
«Басында нақты сомаға келіскен едік. Кейін табыс өсе бастағанда, олар келісімді қайта қарағысы келді. Маған ұсынылған сома — бетіме түкіргенмен бірдей әсер қалдырды», - деді Макгирт.
Оның айтуынша, Жәнібекпен алғашқы алты жекпе-жекте бірге жұмыс істеген, алайда боксшы ірі жекпе-жектерге шыққан кезде бапкерге бұрынғыдан әлдеқайда төмен төлем ұсынылған.
«Достық — бір бөлек, жұмыс — бір бөлек. Мен өз еңбегімді бағаламаған сомаға жұмыс істей алмаймын», - деді бапкер.
Соған қарамастан, Макгирт Жәнібекке сәттілік тілейтінін және араларында ешқандай реніш жоғын айтты. Еске салайық, 2023 жылы Әлімханұлы мен Макгирт серіктестігін тоқтатқан соң, боксшының жаңа бапкері ретінде Брайан Вилория жұмыс істей бастады.
Фото: Ашық дереккөзден


Ең көп оқылған
