«Допинг саналмайды». Жәнібек Әлімханұлының дауына қатысты күтпеген пікір айтылды
Белгілі қазақстандық бокс маманы, жаттықтырушы Юрий Чернобровкин WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы төңірегінде туындаған допинг дауына байланысты өз пікірін білдірді.
Маман спортшының ағзасынан табылған мельдонийге қатысты бұл жағдайды түсініксіз деп санайтынын жасырмады.
«Шынымды айтсам, мен мельдонийді мүлде допинг деп есептемеймін. Оған ұқсас, құрамы жағынан бірдей дерлік басқа препараттар бар, бірақ олар допинг тізіміне кірмейді. Неге дәл мельдонийге ғана тыйым салынғанын түсіне алмаймын. Егер соған ұқсас басқа дәрі қолдансаң, мәселе болмайды, ал мельдоний қабылдасаң – тесттен өтпей қаласың. Бұл – біртүрлі жағдай», – деді Чернобровкин.
Еске салайық, допинг дауына байланысты Жәнібек Әлімханұлына дисквалификация және чемпиондық белбеулерінен айырылу қаупі төніп тұр.
Желтоқсан айының басында боксшының допинг-тесттен өтпей қалғаны белгілі болған еді. Осыған байланысты оның Эрисланди Лара қарсы үш бірдей титул үшін жоспарланған жекпе-жегі шұғыл түрде тоқтатылған.
Ал қаңтар айында ашылған «B» сынамасы да спортшының ағзасында мельдоний бар екенін растады.
Қазіргі таңда бұл іс бойынша соңғы шешім әлі қабылданған жоқ.
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған